Қызылордада «Сыр жұрты» танымдық-пассионарлық жобасы іске асады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында арнайы «Сыр жұрты» танымдық-пассионарлық жобасы іске асады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада «Сыр жұрты» танымдық-пассионарлық жобасы іске асады

Бұл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында жүзеге асады. Жоба «Сыр саңлақтары», «Туған жер - тұнған шежіре», «Тал бесіктен - жер бесікке дейін», «Сыр елі - Жыр елі», «Сыр өңірі - ұлттық құндылықтардың темірқазығы» секілді 5 бағыттан тұрады.

Жобаны енгізудегі басты мақсат - өңірдің тарихи-саяси және мәдени-рухани даралығын айшықтап, өскелең ұрпаққа тәуелсіздіктің құндылығын ұғындыру. Жоба алдағы 3 жылға жоспарланған.

«Біз түркі жұртына ортақ тұлға Қорқыт атадан бастап, Сырда өмір сүрген тарихи тұлғалар туралы телехабарлар дайындап, ғылыми ізденіс жұмыстарын жүргізіп, тарихи орындарға экскурсиялар ұйымдастырмақпыз. Салт-дәстүрлер мен әдеп-ғұрыптарды, тәрбие дағдыларын, дәстүрлі отбасы құндылықтарын, салауатты өмір салтын насихаттаймыз. Жастар арасында жыршы-жыраулық, ақындық, күйшілік және орындаушылық өнерді насихаттауға қолдау білдіреміз» , - деді облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет.

Жобаның бірінші кезеңінде түрлі форматта 113 шара ұйымдастырылады.

Айту керек, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған кешенді іс-шаралар жоспары әзірленді. Оған Тәуелсіздік жылдарындағы жетістікті насихаттайтын түрлі форматтағы 260 шара енгізілген.