Қызылордада Табиғи ортаны қорғау полициясының қызметкерлерi кезекті рет браконьерлік фактілерді анықтады
деп хабарлайды Қызылорда облысының Ішкі істер департаменті.
Қызылорда облысы ІІД-нің Табиғи ортаны қорғау полициясы рейдтік шаралар барысында 14 қараша күні Toyota Land Cruiser-80 автокөлiгі ұсталды. Тексеру кезінде мемлекеттік нөмірлері Қарағанды облысына тиесілі автокөліктің жүк салғышынан киік еті табылды. Сонымен қатар 12 калибрлі аңшы мылтығы мен 19 оқ шықты. Заңсыз аңшылыққа барғандар 31 және 38 жастағы Қарағанды облысының тумалары.
«Тәркіленген заттай айғақтар сараптамаға жолданатын болады. Оның қорытындысы негізінде браконьерлердің жауапкершіліктері белгіленеді» - дейді табиғи ортаны қорғау полициясының аға инспекторы Нұрболат Рсалиев.
Оның айтуынша, Қазақстанда киіктерді атуға мораторий жарияланған. Жыл басынан бері бұл заңсыз киік атудың 14-оқиғасы. Аталмыш заңсыздық үшін 200-ден 500 айлық көрсеткішке дейін айыппұл салу жазасы қарастырылған. Ұсталған браконьерлердің табиғатқа және мемлекетке келтірген шығыны 300 мың теңгеден асады.