Қызылордада танымал тұлғалармен есімі де, тегі де ұқсас азаматтар бір ауылда тұрады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында елімізге белгілі танымал тұлғалармен есімі де, тегі де ұқсас бірқатар азаматтар бір ауылда тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңақорған ауданына қарасты Бесарық теміржол бекетінде 1200 адам тұрады. Ал олардың арасында танымал тұлғалармен есімі де, тегі де ұқсас азаматтар баршылық. Ауылға келген кісілер Иманғали Тасмағанбетов, Сәбит Мұқанов, Мәдина Ерәлиева, Жамбыл Жабаев сынды азаматтарды көргенде осылайша таңданыс білдіріп жатады.

Олардың арасында Жамбыл Жабаевтың жасы 43-те, ауылда теміржолшы болып еңбек етеді. Бесарықта дүниеге келген Сәбит Мұқанов бүгінде елордада құрылысшы болып жұмыс істейді. Ал Мәдина Ерәлиева Түркістан қаласындағы халықаралық университетте өнер жағында білім алады. Иманғали Тасмағанбетов болса биыл алты жасқа толды.

«Отбасым мен дүниеге келгенде танымал өнер иесінің есімін қоюды дұрыс көрген екен. Бұл - маған үлкен жауапкершілік. Өзім де өнер саласына бейіммін», - дейді Мәдина Ерәлиева.

(Мәдина Ералиева)

Жаңақорған ауданында олардан басқа да танымал тұлғалармен есімі де, тегі де ұқсас бірқатар азаматтар көп. Шығыс жұлдызы - Ғани Мұратбаевтың бүгінгі «ізбасары» полиция қызметінде еңбек етеді, шені - майор. Атақты ақынмен аттас және тегі бір Олжас Сүлейменов кент орталығында көлік жүргізеді. Ақын Мұхтар Шахановтың «ізбасары» жалынды жырлар жазбаса да, ән айтқанды жақсы көреді.

(Мұхтар Шаханов)

«Үлкендер ылғи «Мұхтар Шаханов деген атқа лайық бол» деп айтады. Сол әсерлі сөз әлі күнге дейін менің ар-намысымды қайрап, жігерімді жанып келеді. Соның арқасында керемет атқа дақ түсірмей, тек жақсы теңеулер есту үшін тырысып бағамын», - дейді Мұхтар.

Жалпы, Қызылорда облысында танымал тұлғалармен есімі де, тегі де ұқсас азаматтар аз емес. Сыр өңірінен Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Күләш Байсейітова, Бибігүл Төлегенова, Рақымжан Қошқарбаев, Мұқағали Мақатаев, Мейрамбек Бесбаев сынды адамдарды табуға болады.


Соңғы жаңалықтар