14:38, 15 Қараша 2013 | GMT +5
Қызылордада тапаншадан оқ атқан адам ұсталды
ҚЫЗЫЛОРДА. 15 қараша. ҚазАқпарат - Қызылордада полицейлер өз көлігімен соқтығысқан жүргізушіні тапаншамен атып, бой тасалаған азаматты қолға түсірді. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Оқиға үстіміздегі жылғы 6 қазан күні күндізгі сағат 16.10 шамасында болған. Қызылорда қаласындағы компьютер клубының алдында ақ түсті «Дэу-Нексия» автокөлігіне қара түсті «Ваз-21014» маркалы автокөлігі соқтығысып қалады. Сол кезде қолында тапаншасы бар белгісіз азамат «Ваз-21014» автокөлігінің ішінен шығып, «Дэу-Нексия» автокөлігінің жолаушысына қарсы оқ атқан. Содан кейін оқиға орнынан бой тасалаған. Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ұсталып, уақытша қамау абақтысына жатқызылды. Ол 1993 жылы туған Қызылорда қаласының тұрғыны болып шықты. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 257-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.