Қызылордада Тәуелсіздік күні қарсаңында 140 орындық балабақша ашылды
Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінде 140 орындық «Нұр Орда» балабақшасы мен қала орталығында көтерме сауда маркеті ашылды.
Аталмыш шараларға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты. Алдымен Тасбөгет кентінің тұрғындарын Тәуелсіздік күні мерекесімен және балабақшаның ашылуымен құттықтады.
«Қызылорда қаласы бойынша бүгінгі күні мектепке дейінгі 237 білім ұйымы бар. Оның ішінде мемлекеттік балабақша саны - 26, мектеп жанынан ашылған шағын орталық - 6, жеке балабақша саны - 205. 2015 жылы 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етуді мерзімінен бұрын толықтай орындадық. Мұнда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың арқасында үлкен жұмыстар атқарылды. Бүгінгі күні балабақшалардың 71,2 пайызы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс істеп тұр»,-деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, дәл осы күні Қорқыт Ата көшесінде көтерме сауда маркеті ашылды. Онда 12 мыңнан астам тауардың түрлері ұсынылып, маркетте 134 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Айта кетейік, жыл басынан бері облыс орталығында 67 кәсіпкерлік нысан ашылып, онда 1219 жаңа жұмыс орны құрылған.