Қызылордада Тәуелсіздіктің нәзік келбеті» атты фотожоба бастау алды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында «Тәуелсіздіктің нәзік келбеті» атты ақпараттық-насихаттық жобасы қолға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Аталған шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен шілде айында бастау алды.

Жоба облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен өткізілуде. Оған облыстық іскер әйелдер қауымдастығы серіктес ретінде белгіленген.

«Аталған фотожобаға қоғамдық қызметке белсенді, отбасында табысты, мансаптық өсу биіктеріне жеткен 30 әйел қатыстырылуда.

Бұл жобаның ерекшелігі – Сыр өңірінің әйелдерінің тәуелсіздіктің қалыптасуына, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі мен рөлін нақты мысалдар арқылы көрсету. Әрбір қатысушы әйелдің заманауи технологиялармен жасалған фотопортреті дайындалуда. Республикаға танымал, талантты фотограф Рамиль Магдеев қатысушылардың фотосессиясы және фотопортреттерін жасау жұмыстарымен айналысуда», - деді аналар кеңесінің төрайымы, жоба авторы Рахима Ахметова.

Айта кетсек, жоба - коммерциялық, бюджеттік немесе демеушілік қаражатты пайдаланбайды. Дегенмен, осы жобаға қатысқысы келетіндер жеткілікті.

Жобаның ерекшеліктері: облыста тұратын этнос өкілдеріне, сондай-ақ ауыл әйелдерінің қатысуына басымдылық берілген.

Бүгінгі таңда фотожобаның 5 түсірілімі өтті. Әр түсірілімде жас ұрпаққа қол ұшын беріп, биік ұстаным танытып, рухани жаңғыру жолында еңбек еткен нәзік жандар, Тәуелсіздік жылдарында Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне және жалпыұлттық бірлік пен келісімді сақтауға сүбелі үлесін қосқан этнос өкілдері, өңірлік аналар кеңесінің мүшелері қатысуда. Олардың әрқайсысы өз саласының шеберлері, бірі - ұлағатты ұстаз, бірі - қайырымдылыққа толы ізгі жұмыстарды жасырын жасап жүрген кәсіпкер, бірі - мемлекеттік салада мәртебелі қызметте жүрген жандар.

Жобаның қорытындысы ретінде жоба қатысушыларының фотопортреттерінің көрмесі өткізіледі және «Тәуелсіздіктің нәзік келбеті» атты форум ұйымдастырылады.


Әділжан Үмбет.


Соңғы жаңалықтар