Қызылордада тазалық сақтамағандармен қарқынды күрес жүргізілуде

Бүгінде олардың 112-сі әкімшілік қамауға алынып, 122 адамға сот қаулысымен 572 230 теңге айыппұл салынды, өзге азаматтарға қатысты жинақталған құжаттар сот қарауында.
Айта кету керек, Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қаланың санитарлық тазалығын бірінші кезекке қойып, басты назарда ұстап отыр.
Қазіргі таңда қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында қала аумағы 22 секторға бөлініп, тазалық жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Аталған секторлар бойынша «Қызылорда тазалығы» ЖШС тазалық жұмыстарын жүргізуде. Бұл мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында облыс әкімінің қолдауымен облыстық бюджеттен жаңа үлгідегі 70-тен астам техника алу да жоспарлануда.
Бүгінде қалада 2 наурыз бен 4 мамыр аралығы тазалық айлығы деп жарияланып, жалпыхалықтық сенбіліктер ұйымдастырылуда.
Екі ай мерзімге созылатын бұл шара аясында қаладағы арықтар мен каналдарды, аллеялар мен гүлзарларды тазалау, мәдени-көпшілік орындарды көркейту, көгалдандыру және ағаш көшеттерін егу жұмыстары жасалуда.
Сенбілік жұмыстарына қатысты қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев білім саласына қатысты сала басшыларына «Сенбілік - оқу үдерісіне кедергі келтірмеуі тиіс, оқушы сабағын оқып, мұғалім сапалы білімін беруі қажет. Сенбілік жұмыстарына білім беру мекемелерінің тек техникалық қызметкерлері ғана қатыстырылсын», деп қатаң тапсырма берді.