Қызылордада тұрғын үйдің подъезі өртеніп, 13 адам құтқарылды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында көп қабатты тұрғын үйдің подъезі өртеніп, баспалдақ арқылы 13 адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада тұрғын үйдің подъезі өртеніп, 13 адам құтқарылды

Келеңсіз жағдай 24 тамызда сағат 22.27-те Қызылорда қаласы, Абай даңғылы бес қабатты №28 тұрғын үйде болды. Өрт жөнінде 112 құтқару қызметіне қоңырау шалынған.

«Шақырту бойынша өртке қарсы қызмет оқиға орнына жедел жетті. Белгілі болғаны, аталған тұрғын үйдің 2 подъезінің бірінші қабатында электр есептегіш пен сыртқы кіреберіс ағаш есігі жанған. Адамдар өміріне қауіп төнуіне байланысты өрт сөндірушілер баспалдақ арқылы 13 адамды сыртқа шығарды. Олардың арасында алтауы бала. Өрт 22.54-те толығымен жойылды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі электр сымдарының қысқаша тұйықталуы», - деп мәлім етті Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінен.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында қорада жиналып тұрған 3000 бау шөп өртеніп кеткен еді.