Қызылордада ұрылар мемлекетке 30 млн теңге шығын келтірген

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сұғанақ қолды азаматтар Қызылорда қаласындағы «Бәйтерек» мөлтекауданындағы кәріз және су жүйелері қақпақтарын, су есептегіш аспаптарды қолды етіп, 30 млн теңге шамасында шығын келтірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Бәйтерек» мөлтекауданы осыдан 2 жыл бұрын пайдалануға берілді. Онда жеке тұрғын үй салуға болады. Мөлтек ауданда барлық жағдай жасалған. Коммуналдық және кәріз жүйелері тартылған. Жергілікті басшылық мұндай іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында 9 млрд теңгеден астам қаржы жұмсады. Соның нәтижесінде мұнда 6 мыңнан астам отбасы тұрғын үй салуға мүмкіндік алды. Дегенмен осы аумақта сұғанақ қолдылар ортақ мүлікті қолды етіп жатыр.

«Бәйтерек» мөлтекауданының тұрғындарына кезінде қолайлы жағдай жасалды. Су, электр желілері тартылды. Алайда қазір 534 есептегіш аспап, 7 мың метрден астам электр кабелі, кәріз және су жүйелерінің қақпақтары қолды болған», - дейді қалалық құрылыс және архитектура бөлімінің маманы Ақболат Тұрмаханов.

Қазіргі таңда жергілікті тәртіп сақшылары осындай қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен 3 адамды құрықтады. Олар ұрланған дүниелерді металл қабылдау орындарына өткізіп жіберген. Олардың үстінен 188-бап негізінде қылмыстық іс қозғалды. 

Соңғы жаңалықтар