Қызылордада үй карантинін сақтамаған 1,1 мың адам анықталды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында Ashyq жүйесі бойынша үй карантинінде оқшаулану тәртібін бұзған 1 150 адам анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс тұрғындары арасында коронавирустың таралуының алдын алу мақсатында белгіленген карантин талаптарының сақталуына мониторинг жүргізу жалғасуда. Жыл басынан бері бүгінгі күнге дейін мониторинг топтарының рейді барысында 15 826 нысан тексерілді. Сол арқылы карантин талабын бұзуға қатысты 802 дерек анықталды. Бұл бойынша жалпы сомасы 52 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.
«Облыс көлемінде Ashyq жүйесі үй карантинінде оқшаулану тәртібін бұзған 1 150 адамды анықтады. Оның ішінде 741 адам «қызыл», 409 тұлға «сары» мәртебеге ие. Оқшаулау режимін бұзушы «қызыл» мәртебедегі 246 жеке адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, 10 млн теңгеден астам айыппұл салынды», - деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Ведомство мәліметінше, анықталған «сары» мәртебедегі 246 тұлғаға санитариялық-індетке қарсы профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы қаулы ұсынылды.
Еске салсақ, Қызылордада қараша айында 300-ден астам адам коронавирус жұқтырды.