Қызылордада заңсыз сақталған қару-жарақтарды қабылдау акциясы басталды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолдана отырып жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 10 сәуірден бастап республика аумағында тұрғындардан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша кезекті акция өткізілуде. Бұл туралы ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық ІІД сілтеме жасап хабарлады.
Қазіргі таңда барлық қалалық және аудандық ішкі істер бөлімдерінде азаматтар тапсырған атыс қаруының, жарылғыш заттардың, оқ-дәрінің техникалық жай-күйі мен оларды тапсырғаны үшін сыйақы белгілеу жөніндегі комиссия құрылды.
Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктерге тартылмайды. Ол азаматтарға тапсырған қаруының, жарылғыш заттардың, оқ-дәрінің түріне және техникалық жай-күйіне байланысты айлық есептік көрсеткіштің 10-нан 100-ге дейінгі мөлшерінде сыйақы тағайындалады.
2016 жылы азаматтардан барлығы заңсыз сақталған 344 қару өтемді түрде қабылданса, олардың 312-сі тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, 32-сі иір ойықты аңшы қаруы, 235 дана қарудың оқ-дәрілері. Облыс көлемінде 2014 жылы тұрғындар арасында қару-жарақ өткізген 292 азаматқа барлығы 15 000 000 теңге төленген.