Қызылордада «Жақаев ізбасарлары» еңбек лагері жүмыс істейді
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр өңірінде құрылған «Жақаев ізбасарлары» еңбек лагері жастары соңғы буын өкілдеріне өнегелі істі дәріптеп келеді. Олардың негізгі мақсаты - жастарды ауылда еңбек етуге шақыру, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еңбек лагері өңірдегі түрлі оқу орындарының студенттерінен жасақталған. Жастар ауылдық жерлерде таза еңбек майданына назар аударып, қарапайым диқан қауымының тыныс-тіршілігіне зер салады.
«Жақаев ізбасарлары» бұл жолы Қармақшы ауданы Ақтөбе ауылында болды. Өнегелі істі дәріптеу жолында жүрген өрендер ауыл өміріне назар аударып қайтты. Шара барысында олар қазақтың ұлттық салт-дәстүрін де ұлықтай түсті. Кешқұрым бастаңғы жасап, онда дәстүрімізді дәріптеді. Онда домбырадан күмбірлете күй төгіп, әсем әуен шырқалды.
Елдегі ағайынның күндегі әдетімен таң атысымен еңбек лагері жастары дала қосына аттанды. Дала қосында бірден қызу еңбекке кірісіп кетті. Егіс даласында қолына орақ ұстаған қыз-жігіттер бірден-ақ қызу шаруаға мойын бұрды. Бұл - ауылдағы «Ақтөбе» ЖШС қарасты егіс алқабында болып жатқан көрікті көрініс. «Жақаев ізбасарлары» құрамында 30-ға жуық жас бар.
«Шынын айтқанда, қазір жастар ауылда жұмыс жасауға құлық таныта бермейді. Біз осындай ісіміз арқылы оларды туған топырақты түлетуге шақырсақ дейміз. Бүгінде олар заңгер, қаржыгер және басқа да мамандық иелері болғысы келеді. Біз жастарды аграрлық салаға тартуымыз тиіс. Олардың алдында еңбек майталмандарын осылайша дәріптей түскеніміз артық емес. Бүгінгі шарадан байқағанымыз - жастардың еңбек етуге ынта-жігері зор. Бүгінде ауылдардың жағдайы жақсарып келеді. Ауыз су, жарық мәселелері толықтай шешілген. Сондықтан қала мен ауылдың айырмашылығын байқау қиын түседі. Жастарды ауылда еңбек етуге шақырамыз», - деді Қармақшы аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Әділ Ибраһим.
Шаруашылықтың 67-жастағы бас агрономы Сапар Елемесов жастарға егіс даласы жайында әңгімелеп берді. Еңбек жасағы келген алқапта Иранның таромо-хошеми күріш сорты егілген екен. Еңбек жасағы таромо-хошеми сорты арасындағы қызыл күрішті жұлып тастады. Оларды арнайы жерде жинап, жоюға назар аударды.
Жастар алдында серіктестік директоры Нұрлан Іздібаев егіншілер өмірі жайында әңгімелеп берді. Қазіргі таңда шаруашылық сапалы өнім шығаруға мән беріп келеді. Соның нәтижесінде экспортқа шығару мәселесі жолға қойыла бастады. Еңбекшілер 100-120 мың теңге аралығында жалақы алады.
Еңбек жасағы ауылда үш күн бойы елдегілер тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл шара ауылдық мәдениет үйіндегі арнайы шара,а ұласты. Онда арнайы номинациялар бойынша жастар марапатталды.
Фото:kyzylorda-news.kz