Қызылордада жаңа кәсіп иелерін дайындау ісі белсенді жүріп жатыр

Осындай шаралардың бірі аймақтағы техникалық және кәсіптік оқу орындарының басшыларына арналып ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы 2017 жылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» жаңа жобасын жүзеге асыруды тапсырған. Жоба жастарға жұмысшы мамандығын алуға мүмкіндік бермек. Бұл туралы "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі облыстық кәсіпкерлер палатасына сілтеме жасап хабарлады.
Жұмыстарды облыста 17 колледж, 2 кәсіпорын жанындағы оқу орталығы мен 1 әскери-техникалық мектептің облыстағы филиалы жүзеге асыратын болады. Жобаға қатысушылар техника, технология, қызмет көрсету және сервис, ауыл шаруашылығы, құрылыс, шағын және орта бизнес салаларына қажетті мамандықтар бойынша кәсіп игермек.
Білім саласының мамандары нарықтық экономика жағдайында арнаулы орта оқу орындары да заманға сай бейімделіп, өзін-өзі қаржыландыруы, табыс табудың мүмкіндіктерін қарастыруы қажеттігін айтқан. Осы ретте, кәсіпкерлер палатасынан бағыт-бағдар беруді сұрап, арнайы семинар өткізу туралы ұсыныспен шықты.
Нәтижесінде, Палатада арнайы облыстық семинар ұйымдастырылып, бизнес-тренерлер оқу орындарының басшыларына шеберлік-сабақтарын өткізді. Шара барысында оқу орнының қызметін нарықта сұранысқа ие болуы үшін қалай тиімді сатуға болатындығы талқыланып, семинарға қатысушыларға колледждердің бизнес жоспарларын әзірлеу, сонымен қатар ұзақмерзімді даму жоспарларын дайындау мәселесі айтылды.
Жалпы Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы мен аймақтағы арнаулы орта оқу орындары арасында әріптестік байланыс дуалды оқыту бағдарламасы бойынша тиімді жолға қойылған. Бүгінде бизнес өкілдері кәсіптік-техникалық оқу орындарын корпоративті және сенімгерлік басқару жобасын қарастыруда.