Қызылордада жаңа оқу жылында 102 оқушы коронавирус жұқтырды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жаңа оқу жылының алғашқы тоғыз күнінде 102 оқушы коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Өңірде барлығы 316 жалпы білім беретін мекеме бар. Оның барлығы Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бақылауына алынған.

Өткен 2020-2021 оқу жылында оқушылар арасында қатерлі індет жұқтырудың 482 жағдайы тіркелген болатын.

Оның 58% үйден оқытылатын науқас оқушылар арасында көрініс берсе, 42% офлайн режимде оқыған балалар арасында анықталды.

«Биылғы жаңа оқу жылының тоғыз күнінде 102 оқушы індетке шалдыққан. Оның ішінде 92-і мектеппен байланысты емес, жазғы демалыс уақытында үй ошағындағы қарым-қатынас арқылы жұқтырып, үй карантиніне оқшауланған оқушылар. Ал қалған 10-ы білім алуды оффлайн форматта бастаған балалар арасында тіркелді. Осыған байланысты қарым-қатынаста болған адамдар шеңбері анықталып, 13 сынып оқушылары 14 күнге үй карантиніне жіберілді», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Алмаш Шуақбаева.

Былтырғы оқу жылында өңірде 76 мектепте коронавирус жұқтыру жағдайы тіркелген болатын.

Салдарынан мектептердің зақымдану көрсеткіші 25,4% ды құраған еді.

Ал биылғы жаңа оқу жылының 9 күнінде 10 мектептен коронавирус көрініс беріп, зақымдану көрсеткіші 3,2% құрады.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада карантинге қарамастан өтіп жатқан 4 той тарқатылған болатын.


Соңғы жаңалықтар