Қызылордада жас өнерпаздар жыр кешін өткізді
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында «Жырласа жастар жырласын» атауымен республикалық дәстүрлі ән мен жыр кеші өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш шараға Сыр өңірі өнерпаздарымен бірге Жетісу, Қостанай, Орал, Павлодар аймақтарынан белгілі әншілер қатысты. Олардың қатарында Мақпал Тоқтағанова, Алпысбек Оңайбайұлы, Салтаната Қизатова сынды әншілер бар. Ал көпшілік алдында ән мен жырдан шашу шашқан жергілікті өнерпаздар Күнсұлу Түрікпен, Марат Сүгірбай, Еркебұлан Шыңжанов, Бейсембек Төлеубай, Әділхан Қуаңбаев, Нұртілек Ақтаев, Мұхамедәли Бекпейісов, Қуаныш Алғазиев, Жарасхан Төлебай, Зульфия Баймырзаева және Амандық Жаппарбердиев халық қошеметіне ие болды. Сондай-ақ, жұртшылық алдында Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжі мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің дәстүрлі ән-терме бөлімінде тәлім алып жүрген дарынды өрендер өнер көрсетті.
Айта кетерлігі, аталмыш іс-шараны ұйымдастыруға жастардың өзі ұйытқы болған. Идея авторлары және ұйымдастырушылары - белгілі жас жыраулар Марат Сүгірбай мен Күнсұлу Түрікпен. Олардың айтуынша, өнер додасы Тұңғыш Президент - Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында қолға алынып отыр.
«Сондай-ақ, аталмыш шара биылғы Жастар жылына да арналған. Мақсатымыз - дәстүрлі ән, жыр, термені тыңдарманға жаңа сипатта ұсыну. Осылайша өсиет пен өнегеге толы текті сөздің төресі ұлықтауға жол ашылды», - деді олар.