Қызылордада жасөспірімдер қылмысы өршіп барады

«Осындай қылмыстардың бірі - Қызылорда қалалық №2 сотында қаралып, сот үкімімен өрімдей үш жасөспірім қылмыстық жазаға тартылды. 1991 жылы туған Т. досы И. екеуі арақ ішіп отырып, ұрлық жасап ақша табуға бел байлайды. Осылайша бұл екеуі алдын ала сөз байласып, ұрлық жасап пайда табу мақсатында, «Аружан» дүкенінің кіреберіс есігінің жанындағы терезенің темір торын, терезесін өздерімен бірге алып келген арматурамен бұзып өндірістік үй-жайға заңсыз кіріп, жалпы сомасы 69 000 теңгеге мүліктік залал келтіріп, оқиға болған жерден бой тасалаған», - делінген хабарламада.
Қылмыстық әрекеттерін одан әрі жалғастырмақ болған екеуі, ендігі кезекте «Марха» дүкеніне көздері түседі. Дүкеннің қосалқы есігінің жанындағы терезені өздерімен бірге алып келген арматурамен бұзып, өндірістік үй-жайға заңсыз кіріп темекі, сыра және басқа да майда-шүйде бұйымдармен қоса кассадағы ақшаны да алып, жалпы алғанда бұл дүкенге құны 200 000 теңгеге мүліктік зиян келтірген.
Бұл әрекеттерінен соң қылмыскерлер қылмыстың ізін суытпақ болып, біраз уақытқа бой тасалауды жөн көреді. Осылайша олар бір айдың көлемінде ешқандай әрекетке бармай, әліптің соңын аңдымақ болады. Мұны елеусіз қалды деп есептеген олар бұрынғы әдеттеріне қайта басады. Бұл жолы енді олар екеуі емес, жандарына тағы да өздерімен қатарлас досын ертіп үшеу болып барады. Айта кету керек, соңғысы бұрын да осындай әрекеті үшін сотты болған.
«Қазшочта» АҚ бір бөлімшесінің көше беттегі терезесін сотталушы С. өздерімен бірге алып келген монтировкамен сындырып, өндірістік үй-жайға заңсыз кіріп, әрқайсысының құны 12 000 теңге тұратын 2 дана темір жәшіктіктерді, оның ішіндегі 41 500 теңге ақшасын қолды етті. Мұнымен қоймай осы бөлімшенің қызметкері жәбірленуші Б.-ның 144 000 теңге жеке қаражатын жымқырды. «Қазпошта» АҚ-ға 65 000 теңгеге және жәбірленуші Б.-ға 144 000 теңгеге мүліктік залал келтіріп, оқиға болған жерден бой тасалаған.
Екі апта өткеннен соң, бұл үштік қылмыстық әрекеттерін жалғастырып, «Айым» дүкенінің подъезіндегі қосалқы есікті өздерімен бірге алып жүрген монтировкамен бұзып кіріп, жалпы сомасы 118 500 теңгеге мүліктік залал келтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен.
Тура жиырма күннен кейін сотталушы С. және Т. ортақ таныстарын іздеп келіп, оның үйінің есігін қағып, үйде адамдардың жоқ екеніне көздері жеткен соң, түн мезгілін пайдаланып, есіктің құлпын бұзып, тұрғын үй-жайға заңсыз кіріп, жатын бөлмедегі сандықтан жалпы құны 16 000 теңгені құрайтын күміс сақина мен бір жұп сырғаны ұрлап кеткен.
Бұдан соң үштік алдын ала сөз байласып, ендігі жерде ауылдық округтердегі «Қазпошта» АҚ-ның бөлімшесін тонамаққа шешіп, оның терезесін сол бұрынғыша монтировкамен бұзып ,ғимарат ішіне заңсыз кіріп, ондағы компьютер мониторын, клавиатура, принтер, «ақша детекторы» құрылғыларын және «AVON» фирмасының косметика бұйымдарын ұрлап, «Қазпошта» АҚ-ға жалпы сомасы 138 057 теңгеге мүліктік залал келтірген, ал ұрланған косметика бұйымдары елу мың теңгеге бағаланған.
Мұндай жолмен ұрланған бұйымдарды басқа дүкендерге арзанға сатып, одан түскен ақшаны орталай бөліп алып отырған.
Сотта олар жасаған қылмыстық әрекеттеріне қынжылып, кінәларын толығымен мойындап, бас бостандығы өздерінде қалатын жаза тағайындауды сұрады. Қызылорда қаласының №2 сотының үкімімен бұл үштік ҚР ҚК-нің 175-бабының 2-бөлігінің «а, б, в» тармақтарымен кінәлі деп танылып, сотталушы Т. мүлкі тәркілене отырып 3 жылға, сотталушы И. мүлкі тәркілене отырып 2 жыл 6 айға, ал сотталушы С. мүлкі тәркілене отырып, бұған дейінгі шартты түрде сотталған жазасы ішінара қосылып, түпкілікті 4 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етілді. Сотталушылар жазаларын түзеу колониясының жалпы режимінде өтейтін болады. Бұдан өзге сот жәбірленушілер пайдасына келтірілген шығынның орнын толықтай сотталушылардың есебінен өндіруге үкім етті.