Қызылордада жастарға арналған «Мүмкіндіктер керуені» шарасы ұйымдастырылды

Аталған шара Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінің орталық алаңында өткізілді. Ол жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, кәсіпкерлікті дамыту, жастардың сұранысындағы қажеттіліктерді қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып отыр.
Шара барысында 1392 бос жұмыс орны ұсынылды. Онда «Дипломмен ауылға», «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы», «Бизнес бастау» секілді мемлекеттік бағдарламалар түсіндірілді. Оған байланысты сала мамандары, жастарға және жас отбасыларға тұрғын-үй алу мүмкіндігі бойынша «Отбасы банк» АҚ-нің, «E-gov» электронды қызмет көрсету жүйесін пайдалану бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ мамандары кеңес берді.
Кент орталығындағы С. Майқанова атындағы мәдениет үйінде жастар тегін үйірме, тілдік курстарға жазылды. Сондай-ақ, ақысыз негізде адвокат, сот орындаушылары, құқық қорғау қызметкерлері, дәрігерлер көмек көрсетті. Жастарға арналған «Жас журналистер», «Жас ақындар», «Жас модельдер», «Жас актерлер» кастингтері ұйымдастырылды.
Орталық алаңда қазақ күресі, тоғызқұмалақ, қол күресі, гір көтеру, асық ату секілді ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізілді. Кеш соңы гала концертке ұласты.