Қызылордада «Жастық жалынымыз - сүйікті Отанымызға» атты республикалық патриоттық форум өтті

Ол Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың туғанына 90 жыл толуына арналды.
Форумға Қазақстанның барлық аймақтарынан белсенді жастар, белгілі ақындар, кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері өкілдері қатысты. Келушілер арасында батыр апамыздың немере сіңлісі Айман Мәметова да болды. Сарай фойесінде М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің студенттері мен педагогикалық ұжымының күшімен ұйымдастырылған көрме қанат жайды. Оған ержүрек пулеметші Мәншүк Мәметованың кескіні бейнеленген картиналар, «Өнер» бөлімі студенттерінің қатысуымен көрсетілген соғыс қимылдарының фрагменттері қойылды.
Жиында сөз алған облыс әкімі Болатбек Қуандықов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге, олардың ұдайы білімдерін жетілдіріп отыруларына айрықша көңіл бөліп келе жатқанын тілге тиек етті. Бүгінде Қазақстанда жастарға арналған «Дипломмен - ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел», «Ауыл жастары» секілді көптеген пәрменді мемлекеттік бағдарламалардың қолға алынып, жүзеге асырылып жатқаны осыған нақты дәлел. Жастарға деген мұндай қамқорлық Қызылорда облысында да бар. Мәселен, тұрмыстары төмен отбасыларынан шыққан жоғары және арнаулы орта оқу орындары студенттері үшін қоғамдық көлікте жүруде жеңілдік қарастырылған. Былтырғы жылдан бері талантты жастар үшін облыс әкімінің стипендиясы тағайындалып келеді. «Сыр үміті» атты шара аясындағы бұл қамқорлықты қазір 40 талантты жас көріп отыр.
Аймақ басшысы өзінің сөзінде Шығыс қыздары арасынан шыққан қос батыр - пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұлованың қандастарымыз екені мақтан тұтатынын айта келіп, бүгінгі бейбіт тірлікте де жас ұрпаққа еңбекте ересен ерліктер көрсетуге мүмкіндік тер бар екеніне тоқталды. Олардың өшпес ерліктері әрдайым өскелең жас толқынға үлгі болып қала бермек.
Форумда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің басқарма бастығы Меңжамал Әлсейітова сөз алып, министрдің құттықтау хатын оқып берді. Жиында сонымен қатар Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов, профессор, академик Әлия Бисенова Ақтөбе облыстық «Қос шынар - Әлия, Мәншүк» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдарбес және басқалар сөз сөйледі. Ал Айман Маметова осындай форум өткізушілерге алғыс сезімін жеткізді.
Форумның жалғасы М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінде жалғасты. Ол Мәншүк Мәметованың 90 жылдығы мен колледждің 80 жылдығына арналды. Форумға Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Атырау облыстары мен Түркістан, Жаркент қалалары колледждерінің өкілдері қатысты.