Қызылордада жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалатындар саны 2 есеге азайды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жедел жәрдем бойынша шақыру 2 есеге азайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысында эпидемиологиялық ахуал күрделі уақытта шақырту өте көп тіркелді. Дәлірек айтқанда, маусым айында және шілде айының алғашқы он күндігінде тәулігіне 2500-ден астам шақырту түсті. Осылайша аталған медициналық қызмет түріне жүктеме 2 есеге артты.

«Жедел жәрдем қызметінің артуына байланысты өңірде тиісті шаралар қолға алынды. Облыстағы барлық емханалар жанынан 161 мобильді топ құрылды. Қазіргі таңдағы мобильді топтың халыққа жедел қызмет жасауы оң нәтижесін берді. Осының әсерінен және ахуалдың тұрақталуына байланысты облыста шақырту саны да азайды», - деп мәлім етті жедел жәрдем қызметінің мамандары.

Қазір жедел жәрдем бойынша жалпы шақыру эпидемиологиялық ахуал күрделі уақыттағыдан 2 есеге азайды. Ал дене қызуымен хабарласқан тұрғындар 3 есеге кеміді. Оған қоса пневмония бойынша шақыртулар 2,5 есеге азайды. Қазіргі таңда тәулігіне 1200-1300 шақырту түседі.

Бұған дейін Қызылорда облысында ауыл жастарының ауруханаға қол ұшын созғандығы хабарланған болатын.


Соңғы жаңалықтар