Қызылордада Жеңіс мерекесіне арналған мерекелік концерт өтті

Салтанатты концерттің алдында облыс әкімі Болатбек Қуандықов сахнаға көтеріліп, жиналған соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 67 жылдығымен, сондай-ақ Отан қорғаушы күніне және Қазақстан Қарулы күштерінің 20 жылдығына орай құттықтады.
Қазақстаннан майдан даласына бір миллион үш жүз алпыс алты мың адам аттанды. Ұрыс кездерінде отыз мың қызылордалық жер жастанып, көптеген сарбаздар хабар-ошарсыз кетті. Соғыс мыңдаған адамдардың армандарын аяқ асты етіп, көптеген отбасыларын ойранға түсірді. Алайда, соғыс салған ауыр сынақ кеңес жауынгерлерінің рухын түсіре алмады. Олар Отанымыздың қарыс сүйем жері үшін қасық қандары қалғанша шайқасты. Жеңіске тыл еңбеккерлері де айтарлықтай үлес қосты. Осы барша ардагерлердің арқасында біз қазір бейбіт өмір сүріп отырмыз. Бес жүзден астам қазақстандық соғыс жылдарындағы жанқиярлық ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болса, солардың 22-сі Сыр бойынан шықты. Бұдан басқа, жиырма мыңнан астам қызылордалық ордендермен және медальдармен марапатталды. Өкінішке орай, ардагерлердің қатары жыл санап азайып келеді. Айталық, биылғы Жеңіс мерекесін облыста 187 ардагер қарсы алып отыр.
Жиналғандар соғыс даласынан қайтпай қалған боздақтар мен қазірге дейін қаза болған ардагерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Ардагерлер өздерінің ерлік істерімен Отанымыздың игілігіне қызмет етулері арқылы ерекше ықылас пен құрметке лайықты. Бүгінде елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне, сондай-ақ тыл еңбеккерлеріне әлеуметтік көмек көрсету жөнінде үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Мұндай қолдау алдағы уақыттарда да жасала беретін болады. Қызылорда облысында соғыс және тыл ардагерлеріне санаторияларда емделу үшін жолдамалар беріп тұру дәстүрге айналды. Биылғы жылы мұндай қошаметті мың адам пайдаланады. Бұдан бөлек, оларға бір мезгілдік материалдық көмек көрсетіліп, коммуналдық қызметке жеңілдік ұсынылады. Қала іргесіндегі «Талды су» лагерінде биыл екі жүз адам тынығып, денсаулықтарын күтеді.
Салтанатты жиында Словакия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Любомир Регак сөз алып, адамзат баласының жер бетінде тыныштық орнап тұрғаны үшін осы ардагерлерге қарыздар екеніне назар аударды. Ол словак жерін жаудан азат етуге қатысқан кешегі жауынгер Михаил Баевқа Словакия Қорғаныс министрлігінің ескерткіш медалін тапсырды.
Осы кеште ардагерлердің құрметіне «Тырналар», «Катюша», «Жеңіс күні», «Отан неден басталады» секілді жорық жылдарынан бері келе жатқан көптеген танымал әндер шырқалды. Мерекенің соңы «Дидар» мейрамханасында жалғасты. Онда ардагерлерге арналған мол дастархан жайылды.