00:53, 24 Сәуір 2022 | GMT +5
Қызылордада жоғалып кеткен жасөспірім аман-есен табылды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада екі күн бұрын жоғалып кеткен 14 жастағы жасөспірім қыз аман-есен табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

21 сәуірде 14 жастағы жасөспірім қыз түнгі 21:30 шамасында үйінен белгісіз бағытқа шығып кеткен. Содан кейін үйіне қайта оралмаған. Бұл жөнінде жасөспірім қыздың анасы Қызылорда қалалық Полиция басқармасына хабарласты. Алғашқыда отбасы мүшелері өздері іздестіру жүргізеді. Одан еш кәтиже шықпайды. Олар полиция көмегіне жүгінеді.
«Жоғалған жасөспірімді табуға басқармаға қарасты Ақсай полиция бөлімі бүкіл жеке құрамы мен ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлері жұмылдырылды. Кейін 14 жастағы жасөспірім қыз облыс орталығынан табылды»,
- деп жазылған басқарма таратқан хабарламада.
Еске салсақ, бұдан бұрын мал сатып алуға кеткен Қызылорда тұрғыны 2 айдан бері іздестірілуде екенін хабарлаған едік.