Қызылордада жұмыстан босатылған 12 қызметкердің құқығы қорғалды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында кәсіподақ ұйымын құру мақсатындағы бастамасы үшін мұнай компаниясынан жұмыстан босатылған 12 қызметкердің құқығы қорғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада жұмыстан босатылған 12 қызметкердің құқығы қорғалды

Бұл жағдай өткен жылдың қыркүйек айында тіркелді. Кәсіподақ ұйымын құру мақсатындағы бастамасы үшін босатылған «ҚазПетролГрупп» мұнай компаниясының 12 қызметкерінің құқықтары қорғалды. Бұл азаматтар бүгінде жұмысына қайта оралды.

«Былтыр қыркүйек айында «ҚазПетролГрупп» ЖШС компаниясы 15 адамнан тұратын кәсіподақ ұйымын құрып, оның қағидасы бойынша түсіндірме жұмысын жасаған. Алайда кәсіподақ ұйымын құрған бастамашыл топтың 12 мүшесі «Тараптардың келісімі бойынша» деген негізбен жұмыстан босатылған. Тексеру барысында олардың еңбек шартының бұзылғандығы анықталды. Олардың талап-арызы толық қанағаттандырылып, жұмыс берушінің іс-әрекеті заңсыз деп танылды. Жұмыскерлерді жұмысқа қайта орналастыру және бос жүрген барлық уақыттары үшін жалақыларын төлеу туралы шешім қабылданды», - деді «Қызылорда облысы кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов.

Жұмыстан негізсіз босатылған 12 жұмыскер облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасына ұжымдық арыз жолданған. Арызда жұмыс беруші тарапынан заңсыз босатылғандары туралы жазылған.

«Осы мәселеге байланысты еңбек инспекциясы тексеру-тағайындау туралы қаулы дайындады. Аталған мекемеде жоспардан тыс тексеріс жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 12 жұмыскердің еңбек шарты заңсыз бұзылғандығы анықталды. Бұл бойынша «ҚР Еңбек заңнамасы талаптарындағы бұзушылықтарды жою туралы» нұсқама берілді. Сондай-ақ, 17 ақпан күні қалалық сот судьясының шешімімен жұмыскерлердің жұмысқа қайта орналасуы туралы бұйрық шығарылды», - деді облыстық еңбек саласын бақылау басқармасының бөлім басшысы Нұрбек Жапақов.