Қызылордада «Жүрек жылуы» өнер фестивалі өтті

Облыстық өнер фестивалі мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында жыл сайын ұйымдастырылады. Биыл фестивальға 196 адам 7 жанр бойынша қатысты. Олар ән, би, көркемсурет, қолөнері, көркемсөз оқу, халықтық орындау, аспапта ойнау жанрлары бойынша өнер көрсетті.
Әр жанр бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға құнды сыйлықтар табысталды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев байқаудың жеңімпаздары мен қатысушыларын құттықтады.
«Елбасы өзінің дәстүрлі Жолдауында «Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиіс» деп атап көрсеткені белгілі. Ерекше жандардың рухани дамуына, олардың бойындағы қабілетін, өнерін ел алдына шығару мақсатында өңірде «Жүрек жылуы» өнер фестивалі дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Біз бұл ретте қайсар ақын Зейнолла Шүкіровті, өмірге құштар ақын Нұрмұхаммед Әбілқасымовты мүмкіндігі шектелсе де, рухы сынбаған жандар деп үлгі етеміз» - деді ол.
Облыс әкімі ерекше талант иелері Шиелі ауданының шебері Дильфруз Хамитқызы мен отбасылық жұп Қали Дәуренбек, Әйгерім Оразбаеваға 150 мың теңгенің сертификатын табыстады.
Еске салайық, Қызылордада тамыз айында мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер арасында «Өзіңе сене баста» атты көрме-байқауы өтіп, жеңімпаздар және қатысушылар қаржылай сертификаттар мен ынталандыру сыйлықтарына ие болған еді.
Қазіргі таңда облыста мүмкіндігі шектеулі 29 353 адам бар. Оның ішінде I топтағы мүгедектердің саны 2827, II топтағы 11145, III топтағы 10526 болса, ал 18 жасқа дейінгі балалардың саны 4855-ті құрайды.
2013 жылы Қызылорда облысы республика бойынша бірінші болып мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау және өмірлерін жақсарту мақсатында Жол картасын әзірлеп, қабылдады. Ағымдағы жылы жеке оңалту бағдарламасын іске асыру үшін облыстық бюджеттен 680 млн теңге бөлінді. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында жұмыспен қамту орталығы арқылы 376 мүмкіндігі шектеулі адамды жалпы жұмыс орындарымен, оның ішінде 148 мүгедек жан еңбекке тартылды. 1275 адам шипажайларға емделуге жолдама алса, 1569 жанға облыс тарапынан әлеуметтік-медициналық мекемелерде мамандар қызмет көрсетті.