Қызылордада жыл басынан бері 4 642 адам коронавирус жұқтырды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жыл басынан бері 4 642 адам коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
2020 жылдан бері облыста коронавирус инфекциясын жұқтырудың 24076 жағдайы тіркелді. Олардың басым көпшілігі (65 пайыз) клиникалық белгісімен анықталған. Науқастардың 14 пайызы 2020 жылы есепке алынса, 67 пайызы (16042 адам) былтыр белгілі болды.
Пандемия басталғаннан бері тіркелген деректердің 17 пайызы 18 жасқа дейінгі азаматтардың үлесінде болса, 15 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Ал 1 жасқа дейінгі сәбилердің үлесі - 4 пайыз.
«Биылғы жылдың басынан 4 642 адам коронавирус жұқтырған. Қазір облыста коронавирус инфекциясының эпидемиологиялық ахуалы тұрақты. Эпидахуалды бағалау матрицасында Қызылорда облысы 4 ақпаннан бастап «жасыл» аймақта тұр.
Соңғы тәулікте коронавирус инфекциясы Қызылорда қаласының 3 тұрғынынан анықталды. Бүгінгі күні белсенді ошақтар саны - 70, оның ішінде үй ошағы - 54, ал ұйымдасқан ұжымдардағы ошақ саны - 16», - деп мәлім етті облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.
Еске салсақ, Қызылордада биыл 157 адам үйде оқшаулану тәртібін бұзғаны анықталды.