Қызылордада жыл басынан бері кене шаққандар өткен жылғыдан 2 есе көп

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жыл басынан бері кене шаққан 225 адам медициналық көмекке жүгінген. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 2 есеге көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада жыл басынан бері кене шаққандар өткен жылғыдан 2 есе көп

Биылғы жылдың 5 айында аса қауіпті Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына байланысты 4 ықтимал жағдай тіркелді. Оның 1-еуі эпидемиологиялық, клиникалық және зертханалық жолмен нақтыланды. Қалған 3-і диагнозы зертханалық қорытындыларының теріс болуына байланысты өзгертілді. Былтыр кенеден жұғатын аталған аурудан 12 адамнан анықталған болатын.

«Сәуір айынан басталған кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының бірінші кезеңі 4 маусымда аяқталады деп жоспарланған. Жүргізілген мониторинг кенеге қарсы өңдеу жұмыстарының тиімділігі 95 пайыздан жоғары деңгейде екендігін көрсетті», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау депаратментінің баспасөз хатшысы Айман Жанахаева.

Бүгінгі күні облыс бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қатысты медициналық мекемелерде мен ауыратын науқастарды емдеуге арналған вирусқа қарсы препараттар жеткілікті. Сондай-ақ, иммунды плазма, қажетті дәрі-дәрмектер, қан және қан алмастырғыштар, қорғаныс заттары, залалсыздандыру заттары және өзге де қажетті құрал-жабдықтар қоры жасақталған.

Еске салсақ, Қызылорда облысында биыл дерматомикоз ауруына шалдыққандар көбейді .