Қызылордада жылу маусымына дайындық жүргізілуде

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында әлеуметтік нысандардың жылу маусымына дайындығы жоғары деңгейде жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада жылу маусымына дайындық жүргізілуде

Бүгінде аймақтағы білім беру ұйымдарының 80,2, денсаулық сақтау нысандарының 75,3, мәдениет саласына қарасты мекемелердің 74,6 пайызында кіші қазандықтар жөндеуден өтіп, жылу беруге дайын тұр.

Жылу маусымын үздіксіз және сапалы өткізу мақсатында «Қызылордажылуэлектрорталығы» кәсіпорынның №9 қазандығын, №3 турбогенератордың бөлшектерін ауыстыру, турбиналық қызметтің технологиялық құбырларын жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«Айта кетсек, «КазТрансГазАймақ» АҚ-ның Қызылорда өндірістік филиалы тарапынан алдағы жылу беру маусымына дайындық жүргізу үшін 50 дана ГРП мен 208 дана ШРП-ға ағымдағы жөндеу жүргізу қолға алынып, бұл жұмыстар 80% орындалған. Алдағы жылу мауысымына дайындық бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде», - деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Жоламанов.

Оның айтуынша, жылу беру кезеңінде облыстағы әлеуметтік нысандар 33 мың тонна көмір мен 25 мың тонна дизель отынын тұтынатын болса, тұрғындарға жоспар бойынша 140,4 мың тонна көмір отыны қажет. Қазіргі таңда қажетті отын көлемін жеткізуші мекемелермен келісім шарт жасалып, кезең-кезеңімен жеткізілуде.

Еске салсақ, Қызылорда облысында цифрландыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.