Қызылордада жырау Алмас Алматовтың 60 жылдығына арналған халықаралық шара өтуде

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылордада фольклортанушы-ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, жырау Алмас Алматовтың 60 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы дала әуендері» атты халықаралық шара басталды.
None
None

Облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы ұйымдастырған шараға Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия елдері мен Түркі Академиясынан ғалымдар мен айтулы өнер шеберлері қатысуда. Бағдарлама аясында Алмас Алматовтың «Шыңғыснама» тарихи дастан кітабының, «Шыңғыснама» музыкалық эпосы (СД-диск) мен «Жыр керуені» кітабының тұсауы кесіліп, «Өнер - түркі халықтары бірлігінің негізі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына жалғасты. 

- Бүгінде 150-ден аса шәкірт дайындаған, алпыстың асқарына келген Алмас Алматов тарихи оқиға желісімен «Шыңғыснама» тарихи дастанын жазып, оны музыкалық дастан күйінде өзінің шәкірттерімен Сыр бойының мақам саз әуенімен  күйтабаққа түсіріп  ұсынып отыр. Моңғол елінің азаматтары Шыңғыс ханның кіндік қаны тамған жерге оған арнап тастан теңдесі жоқ ескерткіш орнатқан болса, қазақ жырауы Алмас Алматов, міне, сол тас мүсіннен де құдіретті, ұрпақ жанына жырмен нұр құятын, күнде оқып, күнде сырласып отыруға мүмкіндік беретін рухани құнды алып ескерткіш жасады, - деді конференцияда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. 

Шара барысында жыраудың шығармашылығына арналған «Жырдың сұңқар жүйрігі» атты көрме өтеді. Сыр жұртшылығы кешкілік облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында «Ұлы дала әуендері» атты дәстүрлі орындаушылардың концертін тамашалай алады. Өнер мерекесіне, белгілі өнер иелері айтыскер ақын Аманжол Әлтаев, Елмұра Жаңабергенова, Айгүл Қосанова, Ақан Әбдуалиев, Амандық Көмеков, Ардақ Исатаева және Сыр елінің белгілі жыршы-жыраулары қатысады.

Қонақтар ертең Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата ескерткіш кешеніне зиярат жасайды. 

 

.

 

Соңғы жаңалықтар