17:23, 28 Наурыз 2015 | GMT +5
Қызылордадағы сенбілікте «Жеңіс» саябағын тазалауға 600 адам қатысты
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Тазалық - саулық негізі. Өңірімізде аудан әкімінің өкімімен 15 наурыз-15 мамыр аралығында санитарлық тазалықтың екі айлығы жарияланғаны белгілі. Осыған орай, кентте сенбілік өткізілді. Тазарту жұмыстарын дағдыға айналдырып үлгерген қазалылықтар бұл жолы да іске білек сыбана кірісті. Бұл туралы Қазалы аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесіне орай «Жеңіс» саябағының аумағын тазалауға аудан көлеміндегі 30-ға жуық мекемеден 600-ден астам қызметкер атсалысты. Сенбілікке жиналғандар саябақ аумағындағы күл-қоқыстарды тазалап, қалдық заттарды шығарып,көктемгі қалыпқа келтіру жұмыстарына бар күштерін салды.
Халықтың мерейін тасытатын да, көңілін жасытатын да тұрғылықты жерінің келбеті мен тазалығы. Сол үшін тазалықты сақтауда тек тиісті сала жұмысшылары ғана әрекет етпеуі керек. Туған жердің кез келген тұрғыны бұл іске бір кісідей атсалысқаны жөн.
Жоспарланған 2 айлық сенбіліктегі, бұл - үшінші апта. Алда атқарылар іс көп. Ұйымшылдықпен жасалған қай нәрсе де жемісті болатыны ақиқат.