Қызылордадағы теміржол өткелінің құрылысы қайтадан қыза түсті

ҚЫЗЫЛОРДА. Шілденің 7-сі. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Басталғанына біршама уақыт болғанымен, кейінгі кездері жұмысында біршама кідіріс байқалған Қызылорда қаласындағы теміржол өткелі құрылысы соңғы уақыттары қайтадан жандана түскен сияқты.
None
None

Қаланың екі бетін жалғастыратын бұл нысанның құрылысын Түркияның «Бушра» компаниясы мен өзіміздің «Геожобалау институты» АҚ жүргізуде. Қазіргі таңда мұнда 90 адам тартылған. Бұдан бөлек, құрылыс нысанында 10 техника жұмыс жасайды. Жол өткелінің жалпы ұзындығы 538 метр. Ал ені 10,5 метрге барады. Бүгінгі күнге дейін 17 монолиттік қада қағылып, бағаналар орнатылды. Одан басқа монолитті бетондар құйылып, бетондар жеткізілді. Құрылысқа бөлінген қаржы көлемі уақытылы толығымен игеріліп отыр. Құрас­тырмалы темір-бетон бөлшектері Алматы қаласындағы көпір бөлшектері зауыты мен Қызылорда қаласындағы «Мелиоратор» ЖШС-нен уақытылы жеткізілуде.

Жобада барлығы толықтай қамтылған. Өткел ауыр салмаққа шыдас бере алады. Көліктердің өткелден өтуіне барлық қолайлы жағдай жасалады. Сонымен қатар, бұл маңда жаяу жүргіншілерге арналған жол салынып, жол белгілері қойылады. Жол өткелінің орта тұсындағы биіктігі 18 метрді құрайды. Құрылысты толық аяқтауға биылғы жылы облыстық бюджеттен 1 188,3 млн. теңге бөлінген. Осы күнге дейін жұмысты жүргізуге кедергі болатын телефон кабельдері, су және жылу құбырлары басқа жерлерге көшірілді.

Құрылысқа жауапты мамандар өткелдің сапалы болып шығатынын айтады. Соңғы кезеңде Түркияда осындай көпірлерді салуға баса назар аударыла бастады. Бұл орын теміржол үстінен өтетін көліктер қозғалысын реттеуге өз септігін тигізеді.

Соңғы жаңалықтар