Қызылордадағы университет вакцина қабылдағандарға сыйлықтар мен жолдамалар берді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында бірқатар мекемелер коронавирус вакцинасын егілген азаматтар арасында арнайы акция өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы орайда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті «Вакцина алып, ұтысқа қол жеткіз!» атты науқанын ұйымдастырды. Аталған науқанға білім ордасының екпе қабылдаған қызметкерлері мен студенттері қатысты. Оларға түрлі сыйлықтар беріліп, жолдамалар сыйға тартылды.

Мәселен, 30 студент ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге жолдама алса, қызметкерлер мен студенттер үшін «Сейхун» спорттық-сауықтыру кешенінің бассейніне 30 тегін абонемент берілді.

Оған қоса студенттер жазғы лагерлерге 30 жолдама алса, қызметкерлер мен студенттер үшін фитнес залға 30 тегін абонемент жоспарланған. Сондай-ақ, 30 студентке бір оқу жылына жатақханаға тұруға 50% жеңілдік берілді.

Шарада есімдері жазылған қатысушылар лото жәшігінің көмегімен кездейсоқ тәсілмен анықталды. Науқан университеттің Instagram парақшасындағы тікелей эфир арқылы өткізілді.

«Қазіргі таңда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде қызметкерлер мен профессор-оқытушылардың 87%, білім алушылардың 51 % вакцина алған. Жаңа оқу жылын оффлайн форматта бастау үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастыру маңызды. Бүкіл әлемдік пандемияны тоқтату үшін әрбір адам екпе алып, санитарлық талаптарды қатаң сақтап, сақтық шараларына аса көңіл бөлуі қажет», - деді университеттің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартай.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің тапсырмасы бойынша университеттер білім алушылар мен қызметкерлер арасында вакцинацияны қолдауды ынталандыру шараларын әзірлеген.

Таяуда вакцина салдырған ЖОО студенттері Ыстықкөлге жолдама ұтып алды.


Соңғы жаңалықтар