Қызылордадағы жол апаты: Анасы да, баласы да тергелуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызылордада кәмелетке толмаған жасөспірім көлікпен адам қағып өлтірді. Осы оқиғаға орай сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Садубаевтың айтуынша, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім өткен жылдың 28 желтоқсан күні Қызылорда қаласында жол апатын жасап, жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

«Автомобиль кінәлі тұлғаның анасына тиесілі. Сол күні ол ата-анасына ескертпестен көлікпен қалаға шығып кетіп, жаяу жүргіншіні қаққан. Осыдан кейін зардап шегушіні ауруханаға жеткізген. Алайда зардап шегуші алған жарақаты салдарынан осы жылдың 1 қаңтарында қаза болды. Жасөспірім өз кінәсін толық мойындап отыр және тергеу барысында анасының қарауына жіберілген», - деді Алмас Садубаев.

Сонымен қатар департамент басшысы көлік иесіне қатысты да сотқа дейінгі өндіріс басталғанын айтты. Яғни, жасөспірімнің анасы жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлігін жүргізуге бергені үшін айыпталып отыр.

«Тергеу барысы Ішкі істер министрлігінің бақылауында», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар
telegram