Қызылордалық 32 мың оқушы жаңа оқу жылын жаңа ғимаратта бастады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Жаңа оқу жылында Қызылорда облысында жаңа 5 мектеп ашылып, 50-ге жуық білім ошағы күрделі жөндеуден өтті.
None
None

Яғни, 32 мыңнан астам оқушы жаңа оқу жылында жаңа ғимаратта білім алмақ. Бұл жалпы оқушылардың 25 пайызы. Білім күні оқушылардың қуанышымен бөліскен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бірнеше мектептерді аралады. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңақорған ауданы Жайылма ауылындағы 250 орындық №195 мектеп жаңадан пайдалануға берілді. Бұрын ауыл оқушылары ескі мектепте білім алып келсе, енді жаңа заманауи талапқа сай салынған ғимаратта оқитын болады. Бас мердігер «Дәнекер» құрылыс мекемесі. Осы күні аталған ауданның Құттықожа ауылында да 200 орындық №164 мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Бүған қоса, аймақ басшысы күрделі жөндеуден өткен Шиелі ауданындағы №252 және 46 мектеп, облыс орталығындағы №136 Т.Жүргенов атындағы білім ошағындағы алғашқы қоңырау салтанатты шарасына қатысып, оқушылар мен ұстаздардың және ата-аналардың қуанышына ортақтасты.

Білім күні мереке­сімен құттықтаған өңір басшысы білім нәрімен енді ғана сусындағалы отырған бүлдіршіндерге ақжарма тілегін жеткізді.

- Биыл 13 440 орындық 40 білім беру нысанының құрылыстары жүргізіліп жатыр. Жыл ішінде олардың 25-ін пайдалануға береміз. Соның 21-і - мектеп. Бүгінгі күнге дейін аймағымызда бес мектеп пайдаланылуға берілсе, қалғаны жыл соңына дейін оқушыларға есігін айқара ашатын болады. Сонымен бірге облысымызда алғаш рет қомақты қаржы бөлініп, бір мезетте 49 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда. Бұл мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес аяқталады және оқу үдерістеріне кедергі болмайды. Облысымыздағы үш аусымды сабақ жүргізу мәселесін түбегейлі шешіп, келесі жылы апатты жағдайдағы мектептердің түйткілдері толық шешімін табады деп күтудеміз. Оқушыларға айтарым, жаңа оқу жылы Сіздерді зор табыстарға жетелесін. Алғаш рет білім табалдырығын аттап отырған бүлдіршіндеріміз дарабоз тұлға болып өсіп, елдің абыройын асқақтатын азамат болсын, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Расында, бұл күн ерекше толқу үстінде тұрған бүлдіршіндер үшін алабөтен қуанышты күн. Бұл күнді олардың ата-аналары да ұмытпақ емес.

Ұстаздар қауымына жылы лебіздегі жүрекжарды тілегін жеткізген облыс әкімі Елбасының алға қойған айқын мақсаттарына біліммен мықты қаруланған ұрпақ ғана жете алатынын, әрбір оқу­шының туған елдің тарихын, дінін, ділін құрметтейтін білімді әрі отансүйгіш азамат болып қалыптасуында ұстаздар еңбегінің елеулі екенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар