18:59, 06 Қараша 2016 | GMT +5
Қызылордалық гір спортынан әлем біріншілігінің күміс жүлдесін иеленді
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Ақтөбеде гір спортынан ересектер арасында өткен әлем чемпионатында жерлесіміз Нұрсұлтан Көлдеев күміс жүлдені еншіледі, деп хабарлады ҚазАқпарат облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Ол 68 келі салмақ дәрежесінде 32 келі гір тасын серпе көтеруде 97 рет, жұлқа көтеруде 61 рет көтеріп, нәтижесінде 158 ұпай жинады.Жарысқа 39 мемлекеттің спортшылары қатысты.
Н.Көлдеев гір спортынан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ересектер арасында бес, жастар арасында үш, жасөспірімдер арасында үш дүркін Қазақстан чемпионы, Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері (2014 ж. Эстония), Әлем кубогының қола жүлдегері (2014 ж. Лас-Вегас), 2 дүркін Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2013 ж., Ресей, 2014 ж., Германия), Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2015 ж., Ирландия), Еуропа чемпионы (2015 ж., Болгария).
Нұрсұлтан енді 7-9 желтоқсан аралығында Көкшетауда өтетін ҚР кубогында бағын сынайды.