Қызылордалық кәсіпкер 50 млн теңге грантқа ие болды

2015 жылы Кәсіпкерлер палатасына «Қызылорданың құрылыс материалдары» ЖШС директоры өтінішпен келді. Компания «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ-ның ұйымдастыруымен өтетін инновациялық гранттар байқауына қатысуға ниет білдіріп, осыған палатадан бизнес-жоспар және өзге де құжаттарды әзірлеуге көмек сұраған.
2014 жылы құрылған компания аймақта өндіріске инновациялық технологияларды және жоғары технологиялық, тиімді және экологиялық қауіпсіз әзірлемелерді енгізумен айналысады.
Бүгінде компания «Пенобетон өндірісі үшін көбік шығару» жобасымен «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ-ның ұйымдастыруымен өткен жоғары технологиялы өнімдерді өндірудің бастапқы кезеңіне арналған байқауға қатысып, негізгі кезеңінен өтті. Сондай-ақ оң сараптамалық қорытынды алды. Жалпы, грант көлемі - 50 млн теңге. Жақын күндері келісім шартқа қол қойылады деп күтілуде.
Жалпы айта кету керек, бүгінде инновациялық гранттардың 9 түрі бар. Отандық кәсіпкерлер жоғары технологиялы өнімдерді өндірудің бастапқы кезеңінде 50 млн теңгеге дейін, технологияны коммерцияландыруға 100 млн теңгеге дейін, өнеркәсіптік зерттеуге 30 млн теңгеге дейін, патенттеу үшін 6 млн 250 мың теңгеге дейін қолдау ала алады.
Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар басқарушылық-өндірістік технологияларды енгізгені үшін 15 млн теңгеге дейін, инженерлік-техникалық персоналдың шет елде біліктілігін жетілдіру үшін 2 млн теңгеге дейін, жоғары білікті шетелдік маманды тарту үшін 9 млн теңгеге дейін, консалтингтік, инжинирингтік және жобалық ұйымдарды тарту үшін 35 млн теңгеге дейін, технологияны алу үшін 150 млн теңгеге дейін гранттар беріледі.
ҚР Инвестициялар және даму министрлігі арқылы жүзеге асырылатын бағдарламаның операторы - «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік».