Қызылордалық полицейлер: Жолаушыларға қол ұшын созу – азаматтық міндетіміз

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Жолда қалып қойған жүргізушілерге қол ұшын созған қызылордалық полицейлер оны өздерінің азаматтық міндеті санайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордалық полицейлер: Жолаушыларға қол ұшын созу – азаматтық міндетіміз

Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын Қызылорда облысы аумағында жүк көлігі бұзылып қалған жүргізушілерге көмектескен полиция қызметкерлері жөнінде хабарлаған едік.

«Самара-Шымкент» трассасының 1688-шақырымында жол жиегінде «HOWO» жүк көлігі бұзылып, тоқтап қалды. Жүк көлігі Ақтөбеден Алматыға бет алып бара жатқан болатын.

Сол уақытта облыстық полиция департаментінің патруль полиция ротасының инспекторлары Нұрмұханмед Мұсалимов пен полиция аға лейтенанты Қайрат Сейіт жол бойында өздерінің жұмысын атқарып жүрді.

«Қызылорда облысының аумағынан «Батыс Қытай - Батыс Қытай» көлік дәлізі өтеді. Шығыс пен Батыстың арасын жалғаған күре жолдың 700 шақырымнан астамы біздің аумақта жатыр. Облыстық полиция департаментіне қарасты патруль полиция ротасы сол аумақта қызмет атқарады. Күнделікті жұмыс барысында көптеген оқиғаларға кезігіп жатамыз. Тіпті, мұндай жағдайлар күнде қайталанады десек те артық емес. Олардың барлығын есте сақтай бермейміз. Өйткені, ол - біздің ең алдымен азаматтық міндетіміз», - деді Қайрат бізбен әңгімесінде.

Қайрат бұл оқиғаны да солардың қатарына жатқызады. Алайда, қол ұшын созған азаматтардың алғысына ие болғанына қуанышты екенін жасырған жоқ.

«Полиция қызметі осындай қауырт тіршілікте өтіп жатады ғой. Өзіміз осы мамандықты таңдап келдік. Сондықтан әрбір ісімізге жауапкершілікпен қараймыз. Әрине, істеген ісімізге азаматтар тарапынан алғыс естіп жатсақ, оған қуанышымыз ерекше. Аталған оқиға барысы былай болған еді. Ол азаматтар мінген «HOWO» жүк көлігі бірнеше күн бойы жол бойында бұзылып тұрды. Көлік бұзылған алғашқы күннің өзінде оларға көмектесу жағын ойладық. Дегенмен олар біздің көмегімізден бас тартып, көлікті өздері жөндеп алатынын жеткізді. Осылайша екі-үш күн өтіп кетті. Ақырында автокөлікті Қармақшы ауданындағы ІІІ Интернационал елді мекенінің жанындағы «Ақсарай» кешеніне эвакуациялауға көмек көрсеттік», - деді ол.

Аталған орында жолаушылар тамақтанып, әрі қарай Қызылорда қаласына дейін келді. Қазіргі уақытта автокөлік аталған кешенде жөндеуде тұр. Жөнделгеннен кейін оны көлік иесі алып кетеді.

«Көлігі бұзылған азамат Алматы облысында тұрады. Алматыға барғаннан кейін еліміздің ішкі істер министрінің атына бізге алғыс хат келіп түсіпті. Алматы тұрғынының жұбайы күйеуіне қол ұшын созғаны үшін бізге ризашылығын білдірген екен» дейді полицейлер.

Нұрмұханмед Мұсалимов те әріптесінің айтқанына қосылып, жолаушыларға қол ұшын созу азаматтық және қызметтік міндеті екеніне назар аударды.

Нұрмұханмед Мұсалимов полицияда 2014 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Ал Қайрат Сейіттің полиция қызметіне келгеніне биыл сегіз жыл толды.