Қызылордалық полицейлердің жаңа буыны ант қабылдады
Шара Мемлекеттік рәміздер аллеясында өтті. Салтанатты жиынға департамент басшылығы, қызметкерлері және ардагерлерінен бөлек жас полицейлердің ата-аналары мен жақындары да қатысты.
Қызметке жаңадан келген 25 жастың 10-ы жергілікті полиция қызметінің қатарын толықтырды, ал қалғандары тергеушілер, анықтаушылар, кадр қызметкерлері және жедел уәкілдер.
Алғашқы болып ант қабылдаған Сағындық Мырзақожаев бүгіннен бастап жергілікті полиция қызметіндегі алғашқы кезекшілігіне шықпақ. Ол қатардағы полицей, алайда 2 айдан кейін полиция кіші сержанты шенін алады. Сағындық офицер болғысы келеді және полковник шеніне дейін қызмет етуді армандайды.
«Баласы бәйгеге түссе, ата-анасы үйде отырып тақымын қысады» демекші, баласының жетістігін көріп, бойларын кернеген мақтаныш сезімдерін жасыра алмаған ата-аналар да өз ойларын білдірді. «Мен үшін және менің ұлым үшін бұл сәт ешқашан ұмытылмайды. Себебі ол бүгін Отанының алдында ант қабылдай отырып халқының қауіпсіздігі мен тыныштығының сақталуын өзінің басты міндеті, азаматтық борышы етті»,-дейді Мейрамкүл Дүйсенбаева.
Жас полиция қызметкерінің 3-уі қыз бала. Солардың бірі - Зілғараева Эльмира Серікқызы. Ол осы салтанатты іс-шара аяқталысымен өзінің жұмыс орнына, яғни Кадр жұмыс басқармасына аттанатын болады. Оның басты міндеті - қызметкерлердің жеке құжаттарын әзірлеу, қадрлық саясатты жүзеге асыру.
Полиция қызметіне жаңадан қосылған жас буынды айтулы күндерімен ішкі істер департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Оспанов Жарас құттықтады. Ант қабылдау - әрбір полиция қызметкері үшін толғандыратын салтанатты сәт екендігін атап өтіп, өзінің қызметін, өмірлік жолын халыққа қызмет етумен байланыстырған жас қызметкерлердің азаматтық борыштарын абыроймен атқаруларына тілектестік білдірді ол.