14:37, 13 Ақпан 2009 | GMT +5
Қызылордалық Рустам Сваев - Қазақстан чемпионы
ҚЫЗЫЛОРДА. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Қызылордалық Рустам Сваев Қостанай қаласында өткен бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында 64 киләға дейінгі салмақ дәрежесінде чемпион атанды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шаршы алаңда жерлесіміз Атырау, Алматы, Ақтау және Көкшетау қалаларынан келген төрт спортшымен қолғап түйістірді. Барлығында айқын басымдықпен жеңді.
1990 жылы 15 наурызда дүниеге келген оның алғашқы бапкері ? Ғалымжан Байғондиев. Сыр спортының түлегі 2003 жылдан бері түрлі жарыстарға қатысып келеді. Алдымен Орал қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында екінші орын алды. Екі жыл бұрын Украинада өткен халықаралық жарыста күміс жүлдегер атанған ол одан кейін Талдықорған қаласында болған халықаралық турнирде де осындай биіктен көрінді. Өткен жылы қаңтар айында Ресейдің Орынбор қаласында өткізілген жастар арасындағы халықаралық турнирде бас бәйгеге ие болып, елге олжалы оралды. Соңғы 24 жылдан бері қызылордалық боксшылар мұндай табысқа қол жеткізіп көрген емес. 1985 жылы ересектер арасындағы Қазақстан біріншілігінде қызылордалықтар Қуаныш Жанақаев пен Қуаныш Ағатаев өз жанкүйерлеріне үлкен қуаныш сыйлаған еді. Р. Сваев Қызылорда заң колледжінің үшінші курсында оқиды.
Үстіміздегі жылы Қытайда Азия және Италияда әлем чемпионаттары өткізіледі. Қызылордалық боксшы аталған жарыстарға қатысу мақсатында Қазақстан құрамасы сапында дайындық жүргізеді.