16:52, 15 Маусым 2010 | GMT +5
Қызылордалық спортшылар Азия чемпионатынан табысты оралды
ҚЫЗЫЛОРДА. Маусымның 15-і. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Өзбекстан астанасы - Ташкент қаласында самбодан ересектер, жастар және жасөспірімдер арасында Азия біріншілігі өтті. Мұнда құрлықтың 21 елінен келген 400-ге жуық шеберлер бес күн бойы жүлделерді сарапқа салды. Ел құрамасы сапында өнер көрсеткен Қызылорда облысының спортшылары да жүлделі орындардан көрінді.

Ересектер арасында 62 кг. салмақта сынға түскен қармақшылық Дархан Сержанов алтын медальге ие болды. Қыздар арасында қызылордалық Диана Сәдуақасова (68 кг.) қола жүлдегер атанды. Әскери самбодан байқоңырлықтар Алмас Дәулетбаев (52 кг.) пен Айдос Бөрібеков (62 кг.) үшінші орынға табан тіреді. Жастар арасында Қызылорда қаласында тұратын Әйгерім Мәденова (48 кг.) чемпион атанса, Салтанат Нахшиманова (68 кг.) күміс медальге қол жеткізді. Жасөспірімдер арасында Айбек Серікбаев (81 кг.) үздік үштікке ілікті.
Бас жүлде алған спортшылар енді әлем чемпионатына қатысады. Бұл жарыс биылғы жылдың қараша айында Грузия астанасы - Тбилиси қаласында өтеді.