Қызылордалық тігінші түйе жүнінен жасалатын көрпелердің қандай қасиеті барын айтты

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Арал ауданында тұратын кәсіпкер Индира Жұмашева түйе жүнінен көрпе тігумен айналысады. Бұл мақсатта жылына 1,5 тонна түйе жүнін пайдаланады. ҚазАқпарат тілшісі тігіншімен атқаратын жұмысы және түйе жүнінің пайдасы жөнінде ой бөліскен еді.
None

- Бұл кәсіпті қолға алуыңызға не себеп болды? Тігіншілікке қай кезден бастап бет бұрдыңыз?

- Мен жас кезімнен тігіншілікке бейім едім. Алайда алғашқыда еңбек жолын сұлулық салонынан бастадым. Денсаулығым сыр беріп, жаңа бағытты игеруге тура келді. Тігін саласы - мен үшін таңсық емес. Жастайымнан анамнан үйреніп, біліктілігімді арттыра түстім. Қазір көрпе-жастық тігуден басқа тұрмысқа қажетті перде және өзге де киім, дүниелерді тігумен айналысамын. Кәсібімді жолға қойып келемін. Бүгінде «Ай-Аружан» тігін орталығында 15 адамды жұмыспен қамтылған. Оның үшеуі - мүмкіндігі шектеулі азаматтар.

Қазір көрпе-жастық көбінесе синтетикадан жасалады. Сондай дүниелерді өзгертуге бел байладым. Арал өңірінде теңіз өнімдерінен басқа түйе шаруашылығы да кеңінен дамыған. Сондықтан «түйе жүнін неге кәдеге асырмасқа?» деп ойлана бастадым. Алғашында түйе жүн көрпені өзім пайдаландым. Ұнағаны жеңіл әрі ауа өткізу қабілеті жоғары. Яғни денең дем алады. Осылайша жаңа өнімді нарыққа шығаруды қолға алдым.

Түйе жүні - өнеркәсіп үшін таптырмайтын шикізат. Бұл жүннен тоқылған матаға, затқа шетелдіктер тарапынан сұраныс та көп. Ол мықтылығы, жеңілдігі және жұмсақтығымен де ыңғайлы. Түйе жүнінен тоқылған орамал, кеудеше, шұлық суық өткізбейді. Одан дайындалған күпілер жиырылып қалмайды.

Ал шуданың жөні бір бөлек. Шуда негізінен тізе шуда және мойын шуда болып екіге бөлінеді. Қазір шуда сұраушылар көп. Тіпті үлкен қалада тұратындардың өзі осы шудамен емделіп жүр. Біз де бұрындары әке-шешемізден көрген тәсілмен ем қылудың жолдарын айтып жатамыз.

- Бұл жаңашыл іспен айналысқаныңызға қанша уақыт болды?

- Айта кетсек, ертеде түйелі көш «сахараның салтанатты» деп аталған. Ежелгі Қытайдан Жерорта теңізіне дейінгі керуен жолының тарихы түйе түлігімен тікелей байланысты. Төрт түліктің бойында болатын жақсы қасиеттердің бәрі түйе малының бойынан табылады. Ауыз әдебиетінің көптеген үлгілерінде түйеге қатысты теңеу сөздер, даналық нақылдар, мақал-мәтелдер көптеп кездеседі. Бұл ой-тұжырымдар түйенің тіршілік ерекшеліктерін айқын аңғартады. «Түйесі бардың - киесі бар» деп те атайды. Түйешіні «ұлық баққан» деп құрметтеп, оған көпшілік жиналған жерде төрдей орын берген. Түйе түлігіне арналған аңыздар бойынша шығарылған күйлер де ел арасына кеңінен таралған.

Түйе жүнінен көрпе тігумен айналысқаныма 5-6 жылдың шамасы болып қалды. Есептеуімше, бір адамдық көрпеге 1,8-2 келі түйе жүні кетеді. Көрпеге түйенің барлық жүні жарай бермейді. Тек бүйір жүні керек. Бір түйеден 3 келі бүйір жүн шығады. Біз соны пайдаланамыз. Ол ең жұмсақ, қолдануға қолайлы. Оны жақсылап жуып-тазалап, түткеннен кейін ғана көрпе дайындалады. Өніміміз экологиялық таза. Жақында сәйкестендіру сертификатын алдық. Түйе жүнін бізде бірден сыртқа жіберіп жатыр. Сапалы шикізатты жинау үшін ауылдарды аралап, алдын ала ақысын төлеп, келіссөздер жүргізіп жатырмыз.

Түйе шаруашылығында бағалы өнім - жүн. Оның 85 пайызы таза, бағалы түбіт. Сондықтан әртүрлі табиғи жүндер арасында өзінің технологиялық қасиеттері бойынша жетекші орын алады. Қылшықты қой жүніне қарағанда түйе жүнінде мамығы көп, өлі түгі және шайыры жоқ. Түйеден өндірілетін жүн өз сапасына байланысты өте жоғары бағаланады.

Түйе жүні көптеген ауруға ем. Түйе жүнінен жасаған белдікпен құяңды емдейді. Сондай-ақ түйе жүн көрпе суық тиюден қорғайды. Ол адам ағзасын түрлі дерттен сауықтырып қана қоймайды, ағзаны жасартатын қасиетке ие. Жас балаларға түйе жүнінен тоқылған шұлық кигізіп, көрпесін жамылдырса, суық тимейді.

- Өнім тек аудан аумағында өтіп жатыр ма? Еліміздің өзге өңірлерінен сұраныс берушілер бар ма?

- Түйе жүнін төсек-жабдықтарда қолдану аясын кеңейту үшін түрлі мамандармен кеңесіп, жұмыс істеп жатырмын. Мәселен, жақында Алматы қаласынан арнайы эксперт алдырып, мамандарын оқытып алмақшымын. Одан бөлек Италия, Түркиядағы әріптестерімен де байланыс орнатып жатырмын. Түйе жүнінен жасалған көрпелерге Астана, Алматы мен Қарағанды тұрғындары ерекше қызығушылық танытып, жиі тапсырыс береді.

- Биыл аталған өнімді облыстық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауында көпшілік назарына ұсындым. Нәтижесінде «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында жеңімпаз атандым. Енді республикалық кезеңде бақ сынаймын. Мен өнімді Арал өңірінің брендіне айналдырғым келеді.

- Әңгімеңізге рақмет.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Бақша, жеміс-жидектен уланып қалмаудың жолы қандай» тақырыбында Қызылорда облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Жұлдызай Жансүгірованың сұхбаты берілді.

«Бақша дақылдары пестицидтермен өңделген болса, бойына нитратты жинауға бейім болады. Азаматтар құрамында осы заттары көп қарбызды жесе уланып қалуы жағдайы кездеседі. Әдетте, оның белгілері 4-6 сағаттан кейін байқалады. Егер нитраттармен уланған кезде ешқандай шара қолданылмаса, денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіру қаупі бар. Улану белгісі ретінде жүректің айнуы, диарея, іштің ауыруы, дене қызуының көтерілуі, буындардың әлсіреуі және ауыруын айтуға болады. Алғашқы белгілері білінісімен дәрігерге жүгіну қажет», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар