09:34, 04 Шілде 2010 | GMT +5
Қызылордалықтар Астана тойын бірыңғай мерекелік концерттермен ғана атап өткелі отыр
ҚЫЗЫЛОРДА. Шілденің 4-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Астана қаласының биылғы жылғы кезекті туған күніне орай Қызылорда қаласында да бірқатар шаралар өткізілмекші.

Дегенмен, Сыр бойындағы бас қалада елорданың тойын еске түсіретіндей мерекелік мезіреттердің тізбегі де тым көп емес. Және бұлардың дені концерт түрінде бой көрсететін болады. Айталық, бүгін кешке қалалық мәдениет және демалыс паркінде «Елім менің» атты патриоттық әндерді орындаушылардың конкурсы өткізілсе, ертең орталық алаңда, қалалық парк пен жағажайда «Елімнің жүрегі - ару Астана», «Асқақтай бер, нұрлы Астана» атты мерекелік концерттер қойылады. Ал шараларды маусымның 6-сы күні кешке қаладағы М.Ерәлиева атындағы мәдениет үйінде «Ән арнауы - Астана қала» атты атаумен тағы бір мерекелік концерт аяқтайды.