Қызылордалықтар Нанкин Олимпиадасының чемпионын күтіп алды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қытайдың Нанкин қаласында жасөспірімдер арасындағы ІІ Олимпиада ойындарында алтыннан алқа тағынған Бауыржан Жауынтаевты бүгін әуежайдан қызылордалықтар үлкен қошеметпен күтіп алды. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
None
None

55 келіде сынға түскен жерлесіміз жартылай финалда Түркия елінің өкілі Огужан Карачты жеңіп, ал финалда әзірбайжандық Натиг Гурбаналиден айласын асыра білді. Осылайша, Бауыржан Қазақстан қоржынына Олимпиаданың алғашқы жүлдесін салған болатын. Жас дзюдошының бұл алғашқы жүлдесі емес. Ол бұған дейін жасөспірімдер арасында Әлем және Азия чемпионы атанған-ды.

- Бүгін Сыр өңірі үшін ерекше күн. Тәуелсіз еліміздің мәртебесін асқақтатқан жерлесіміз Бауыржан Жауынтаев үлкен жеңіспен оралып отыр. 205 мемлекеттің спортшыларының арасынан ел қоржынына алғашқы алтынды салды. Отандастарымыз байрақты бәсекеде үш алтын иеленсе, соның бірін Бауыржан алды. Бұл оның жеңісінің бастамасы. Сыр өңірінің намысын қорғаған Әдия Сайын жетінші тұғырдан көрінді. Талабы бар. Келесі бәсекелерде жүлдемен оралатынына сенеміз, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

1997 жылы туылған Бауыржан Жауынтаев 10 жасынан дзюдо спортымен шұғылданды. Жасөспірімдер арасындағы Олимпиадада бағы мен бабы қатар шапқан спортшы өзіне көрсетіліп жатқан құрметке алғысын білдірді. Енді Олимпиада чемпионы атану үшін дайындықты күшейтетіндігін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар