Қызылорданың әлеуметтік нысандары жылу маусымына сақадай сай тұр
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр өңіріндегі әлеуметтік нысандар қыста жылудан қиналмайды. Алдағы жылу маусымына бұл мекемелер толықтай әзірленген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қызылорда облыстық әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың тапсырмасына сәйкес жылу беру маусымына дайындық бойынша облыстық штаб құрылды. Бұл бағытта іс-шаралар жоспары бекітілді.
Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Медет Усаин жылу беру маусымына дайындық барысы ойдағыдай екенін айтады.
«Алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары бекітілген іс-шараларға сәйкес жүргізілуде. Оның ішінде «Қызылорда жылуэлектрорталығы» МКК №6, 9 бу қазандықтарына, №3, 6 газ турбиналық қондырғыларына, «Қызылорда оңтүстік жылу орталығы» филиалы мен «Қазалы Теміржолжылу» қазандықтарына күрделі және ағымдағы жөндеудің басым бөлігі орындалды. «Нұрлы жол» бағдарламасымен 8 жоба бойынша 7 шақырым жылу желілеріне күрделі жөндеу де назардан ьыс қалған жоқ», - деді Медет Усаин.
Ал «Қызылорда оңтүстік жылу орталығы» филиалының шатырына күрделі жөндеу атқарылып жатыр. Ол 10 қазанда аяқталады. «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның электр желілері мен трансформаторлық станцияларына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары 94%-ға орындалды.
Жылу беру маусымына дайындық бойынша әлеуметтік нысандардың 100 пайызына және кіші қазандықтардың 97 пайызына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған көпқабатты тұрғын үйлердің 96% жылу маусымына дайын (743 үйдің 713-і, қалған 30 көпқабатты тұрғын үйдің өжірілерін жылу жүйелеріне қосуға дайындау керек).
Облыс әкімдігінің аппараттық отырысында аймақ басшысы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз ету мәселесін ерекше назарға алуды тапсырды.
Атап өтейік, алдағы жылу беру маусымында әлеуметтік-мәдени нысандарға 28 мың тонна көмір мен 25 мың тонна сұйық отын қажет. Ал жергілікті тұрғындардың қажеттілігі - 207 мың тонна.