Қызылорданың «Арзан» базарында шиеліліктер жәрмеңке өткізді

Егінші өңірдің еңбеккерлері бұл жолы құны 2 млн. 708 мың теңгені құрайтын азық-түлік өнімдерін әкелді. Базар нарқынан төмен бағада сатылған өнімдерді алушылар қатары көп болды. Мәселен, «Арзан» базарында сиыр еті - 750 теңге, қызанақ - 150 теңге болса, Шиелі жәрмеңкесін ұйымдастырушылар сиыр етін 600 теңгеге, қызанақты 120 теңгеге сатып, жергілікті тұрғындардың ризашылығына бөленді.
Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі бастығының орынбасары Тілеубек Бабасов бізбен әңгімесінде биыл аудан бойынша 8300 гектар жерге күріш орналастырылғанын және диқандардың судан тапшылық көрмейтінін атады. Сондай-ақ, жанар-жағармай мен техника саны да жеткілікті екен. Бұрынғы күріш егілген алқаптарды қайта өңдеу ісі тиянақты атқарылыпты.
Бұл өңір диқандарының ерте көктемнен егетін дақылдарының бірі - қарбыз. Баптай білмесең күтімі кететін осы өнімді егудің тәсілі бар көрінеді.
- Мен өз тәжірибемде егіс алқабындағы қарбыздың бетіне пленка жабамын. Бұл әдіс оны біріншіден зиянкестерден қорғайды және екіншіден ерте пісуіне көп септігін тигізеді, - дейді жәрмеңкеге қатысушы Жиделіарық ауылдық округінің тұрғыны Омархан Жүсіпов.