07:47, 09 Сәуір 2012 | GMT +5
Қызылорданың бас санитарлық дәрігерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды
ҚЫЗЫЛОРДА. 9 сәуір. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласы мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығына қатысты пара алу дерегі бойынша қылмысты іс қозғалды.

Бұл туралы облыстық қаржы полициясының орынбасары Рустам Ақмырзаев хабарлады.
Департамент бастығы орынбасарының айтуынша, қаланың бас санитары жергілікті кәсіпкерлердің медициналық қызметтің жекелеген түрлерімен айналысуға қажетті, санитарлық ережелер мен нормаға сәйкестігі жөнінде санитарлық қорытынды қызметтік кабинетінде 100 мың теңге пара алып жатқан жерінде қолға түскен. Оның бұдан бұрын да осылай пара алып келгені анықталды. Атап айтқанда, 26 қаңтар күні үш кәсіпкерден 20 мың теңге, 10 ақпанда 10 мың теңге, 13 ақпанда 20 мың теңге пара алыпты.
Департамент бастығының орынбасары дәл осылай ақша бопсалағаны үшін Жаңақорған ауданындағы Бесарық ауылдық округі әкімінің үстінен де қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.