Қызылорданың каратэшілері ел чемпионатынан 18 медальмен оралды

Жарысқа республикамыздың түкпір-түкпірінен 300-ге жуық спортшы қатысты. Онда Қызылорда облысынан 21 ұлан бақтарын сынап, 18 жүлдемен оралды - 3 алтын, 3 күміс және 12 қола медаль. Кумитэ бағдарламасы бойынша Әділет Төлеу, Мөлдір Жаңбырбай, Диана Досқали чемпиондар атанды. Бұл спортшылар Қызылорда қаласындағы №2 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резервтер мектебінде шыңдалып жүр. Сонымен қатар Мөлдір Жаңбырбай ката бағдарламасында, онымен бір мектепте оқитын Леонид Ковалев пен "Шығыс" спорт клубының өкілі Азамат Қазбек кумитэден екінші орын алды.
Бұлардан басқа, кумитэ жөне катадан Ақмарал Бекназар үздік үштікке кірсе, Марта Ким мен Ұлбосын Әлішер кумитэден қола жүлдені еншіледі. Жоғарыда аталған спорт мектебінің өкілі Жохангир Жақыпбек, Нұрәділ Кеңесбек және Нұржан Серікбаев, спорт клубынан Сәндібек Сағынышев, Нұриман Деней, Нұрмұхаммед Мұстафа, Ынтымақ Есенгелді үшінші орынға табан тіреді. Командалық катада 11-15 жас аралығында қыздар арасында А.Бекназар, М.Жаңбырбай, Д.Досқали қола медальға қол жеткізді.
Қызылордалық каратэшілерді жарысқа Тағдыберген Жаналиев, Рүстем Әбжәмиев пен Еркін Боханов дайындады.