Қызылорданың Қазалы ауданында 1,5 мың адамға жер телімі беріледі

ҚАЗАЛЫ. ҚазАқпарат - Қазалы ауданының орталығы 50 мың халық тұратын үлкен қалаға айналады. Бұл туралы аудан әкімі Мұрат Ергешбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Мұрат Ергешбаевтың айтуынша, ауданның инженерлік-инфрақұрылымын дамыту мәселесі - басты назарда. Себебі, жер кезегінде тұрған тұрындар саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Өткен жылы инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген учаскелерден 800 адамға жер берілді.

«Қазір Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің аралығында жұмыстар атқарылып жатыр. Екі ортадағы 441 гектер жер учаскесіне электр желілері, ауыз су мен газ апару үшін 3,2 млрд теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жасалды. Биыл бұл жұмыстар жалғасады. Осы шаруалар аяқталған кезде біз екі аралықтан 1500 адамға тұрғын үй салу үшін жер учаскесін беретін боламыз», - деді аудан әкімі.

Айта кеткен жөн, биыл осы аймақтан «Рәміздер алаңы» салынып, Әйтеке бидің еңселі ескерткіші орнатылды.

«Жаңа үлгідегі кәсіпкерлік нысандарын салу үшін де жер учаскесі белгіленіп, оған 24 кәсіпкерлік объектісін салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, балаларға арналған ойын-сауық алаңын салу үшін де жері белгіленді», - деді Мұрат Нәлхожаұлы.

Бұдан бөлек, ол бірнеше әлеуметтік нысан салу да бас жоспарға енгізілгенін айтты. Атап өтсек, балабақша мен бірнеше мекеменің әкімшілік ғимараттарын салу үшін жерлері белгіленіп, жобалары әзірленуде.

«Амандық болса, осылайша екі аралықты қосып, 50 мың халық тұратын - үлкен қалаға айналдырсақ деген ойымыз бар», - дейді Мұрат Ергешбаев.

Соңғы жаңалықтар