Қызылорданың күріші келешекте Қазақстан рыногының өзінде өтпей қалуы мүмкін

Бұған бірнеше объективті және субъективті себептер әсер етуі кәдік. Айталық, өткен жылы облыс күрішшілері мемлекеттік қолдаудың арқасында айтарлықтай жоғары өнім алып, 2008 жылмен салыстырғанда күріш салысының жалпы өнімі 49 мың тоннаға артты. Алайда 2009 жылы күріштің көтерме бағасы 160-170 теңге болған болса, қазір ол 90-100 теңгеден аспай тұр. Сонымен қатар, жиналған өнімді өткізу мәселесі де күрделенуде. Себебі, ішкі нарықта күріш импортының үлесі артып келеді. Оның ішінде Ресейден әкелінген күріш үлесі артуда.
Бүгінгі таңда Қызылорда облысында 1 гектар күріш өсіру үшін орташа 125,0 мың теңге шығын жұмсалады. Ал, мемлекет тарапынан берілетін субсидия кететін шығынның небәрі 11,2 пайызын құрайды. Оның үстіне минералдық тыңайтқыш құнын субсидиялау бағдарламасын енгізгеннен бері отандық минералдық тыңайтқыш өндіруші зауыттар бағаны күрт жоғарылата бастады. Мемлекет тарапынан минералдық тыңайтқыш бағасы 50 пайызға дейін субсидияланатынына қарамастан Ресей, Өзбекстан елдерінен әкелінетін тыңайтқыш бағасынан да қымбатқа түсуде. Оның үстіне сапасы төмен. Ал Кеден одағы іске кіріскеннен кейін Ресейдің арзан күріші Қазақстан рынаогын басып қалуы мүмкін де, Қызылорданың одан гөрі қымбатырақ күріші өтпей қалуы кәдік. Бұл үшін Сыр күрішінің өзіндік құнын төмендеткен дұрыс. Бірақ оның қазір нақты көрініп тұрған көздері тағы жоқ. Бұл туралы жақында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өткізген тікелей эфир хабарында облыс басшысы да айтты.