11:44, 24 Маусым 2010 | GMT +5
Қызылорданың «Студенттер театры» Қарттар үйінде болды
ҚЫЗЫЛОРДА. Маусымның 24-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Құрылғанына көп уақыт бола қоймаған «Студенттер театры» Қарттар үйінде өнер көрсетті.

Өнерпаз өрендерден құралған театрдың мерекелік концерті республикалық «Бірлігіміз жарасқан!» акциясы аясында өтті.
Салтанатты шара барысында студенттер театрының жетекшісі Сәдуақас Әдепов, қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі интернаттың директоры Сапура Сәрсенбаева сөз сөйлеп, медицина саласының мамандарын төл мерекесімен құттықтады.
Кеште Талант Оразбаев, Бағлан Қалиев, Мөлдір Айтбаева сынды театр өнерпаздары әннен шашу шашып, сахнаны әзілмен әрледі.
Бір айта кетерлігі, аталмыш өнер ордасы «Игілік» корпоративтік қоры және «Қызылорда облысы Азаматтық Альянсі» қауымдастықтарымен бірлесіп, әріптестік меморандумы негізінде жұмыс жасап жатыр.