Қызылжарда қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаевтың тағдыры жөнінде деректі фильмнің түсірілімдері басталды

«Естисің бе, тағдыр» атты туындының түсірілімін алматылық «Тұран-фильм» студиясы қолға алды. Сюжеттің негізінде ақын, азамат, Отанын сүйгіш жан мен қатал уақыттың сынына түскен Мағжан өміріндегі маңызды кезеңдер бейнеленеді.
Түсірілімдер Петропавлда және Мұхтар Әуезовтың мұражай-үйінің аумағында өтетін болады. Түсірілім тобының мүшелері Мағжанның туған жері - Сарытомар ауылында болып қайтады.
Кеше түсірілім тобының мүшелері С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап кітапханада кездесу өткізді, онда олар фильмді түсірудегі шығармашылық жоспарлары жайлы айтты. Аталмыш туындының авторы әрі режиссері - Марат Қоңыров, ол көпшілікке «Кенесары», «Потерянный рай» фильмдерімен таныс.
Алдағы уақытта жарыққа шығатын фильм сюжетінің негізіне Мағжан Жұмабаевтың өмірі арқау болады. Мағжан рөлін 4 әртіс сомдайды.
Түсірілімдерді жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Алматы мен Астанада және Петропавлда кино тегін көрсетілмек.