Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ әлемнің үздік 400 университетінің қатарына кірді - QS рейтингі

АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат - Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың төрағалық етуімен Бақылау кеңесінің кезекті отырысы өтті. Бұл туралы аталмыш ЖОО-ның баспасөз қызметінен хабарлады.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ әлемнің үздік 400 университетінің қатарына кірді - QS рейтингі

Бақылау кеңесінің негізгі міндеті - жоғары оқу орындарының қызметіне қоғамның қатысуын, айқындылық пен жауапкершілікті қамтамысз ету. Бүгінде білім саласындағы өзгерістер мемлекет, қоғам және бизнестің өзара әрекеттесуін қалыптастырады. Бақылау кеңесі - халықаралық тәжірибеде әзірленген, білім және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік кәсіпорындарды корпоративті басқарудың жаңа үлгісі. Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, Бақылау кеңестері еліміздің әрбір жоғары оқу орнында үлгі және өнеге эталоны болуы қажет.

2012 жыл Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті үшін 2020 жылға дейінгі Даму стратегиясын толыққанды жүзеге асыру жылы болды. Стратегияны жүзеге асыру барысында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың алдына қойған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуде бекітілген стратегиялық бағыттарды нақты орындады.

Университеттің даму сатылары 4 басым бағытпен айқындалған болатын: бәсекеге қабілетті мамандарды дайындау; университетті Еуразия кеңістігінде зерттеу орталығы ретінде қалыптастыру; кадрлық әлеует пен басқару жүйесін дамыту; инфрақұрылым мен материалдық-техникалық базаны дамыту.

Бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау жөніндегі стратегияның бағытын жүзеге асыру қорытындысы келесідей: мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алған түлектердің және мамандығы бойынша жұмысқа орналасқандардың үлесі 84,6%, ал, халықаралық аккредиттеу агенттіктерінің білім беру бағдарламаларын аккредиттеу саны 16 бірлікті құрауда, сонымен қатар Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті QS халықаралық рейтингінің көрсеткіші бойынша 17 000 жоғары оқу орнының арасында 400 жетекші университеттері қатарынан көрінді. Бір жылда 69 сатыға жоғары көтеріліп, 369-шы орынды иеленді. Мұның өзі ТМД елдерінің бес үздік университетінің қатарына кіруге мүмкіндік берді. Олардың ішінде М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (116-шы орын), Санкт-Петербор мемлекеттік университеті (253-ші орын), Э.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті (352-ші орын) және Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты (367-ші орын) бар.

Сондай-ақ, Стратегияны жүзеге асыру барысына бақылау үшін арнайы Даму және академиялық саясат жөніндегі департамент құрылды. Алайда, стратегияның кейбір бөлімдерін жүзеге асыру барысында жалпы біршама қиындықтар туындауда. Оның ішінде магистратура және докторантурадағы білім беру бағдарламаларына қатысты жоғары оқу орнының мүмкіндіктерін шектейді.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың баяндауынша, министрліктердің тарапынан арнайы мамандықтарға деген қажеттіліктерді анықтау қажет. Ал, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов осы ойды өрбіте келе, техникалық мамандық иелеріне деген сұранысты тілге тиек етті және өндіріс иелерінің қызығушылық тетіктерін анықтауға кеңес берді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 2020 жылға дейінгі Даму стратегиясын орындау барысындағы барлық мақсатты көрсеткіштерді жоғары деңгейде орындап шықты деуге толық негіз бар.

Бұл ретте Бақылаушы кеңесі тарапынан қойылған тапсырмалар Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басшылығы алдында толығымен орындалды.